Бішкектегі "Асанбай" шағын ауданында Mercedes Benz жүргізушісі әйел тұрған аялдамаға соғылды.
Sputnik Қырғызстан агенттігінің хабарлауынша, жол апаты 9 сәуір күні шамамен сағат 6.00-де болған. Бақылау камерасындағы жазбада жол қиылысында шағын автобус шыға келіп, кілт тоқтағаны көрінеді. Қатты жылдамдықпен келген Mercedes жүргізушісі оны орағытып өтпек болады, алайда рөлге ие бола алмай, автокөлік аялдамаға соғылған.
Қырғызстан ІІД жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасының баспасөз қызметі көлік қаққан әйел жан тапсырғанын хабарлады.
"25 жастағы ер адам рөлге ие бола алмай, әйел тұрған аялдамаға соғылған. Ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмды. Сонымен қатар, аялдама қирады", — деп атап өтті ведомство.
Барлық материал Октябрь АІІБ тергеу бөліміне жолданды. Милиция сондай-ақ апатқа бірнеше секунд қалғанда жол қиылысына шыққан бағдардағы шағын автобустың жүргізушісін іздеп жатыр.