22 там, 2022 сағат 22:40

Аяқсыз қалған АЭС: Фин компаниясы «Росатомнан» 2 млрд еуро талап етпек


Финдік Fennovoima энергия компаниясы Ресейдің «Росатом» компаниясынан салынбай қалған «Ханхикиви-1» АЭС жобасына қатысты арбитраж бойынша 2 млрд еуро шамасында қаражат талап етпек. Ол жайлы Fennovoima бас директоры Йоахим Шпехт мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Helsingin Sanomat ақпарат көзіне сілтеме жасап.

2 млрд еуроның 800 млн еуросын Fennovoima аванс ретінде «Росатомның» финдік құрылымы RAOS Project-ке аударған.

Шпехт «Росатомның» 2022 жылдың басында фин тарапын жұмыстың уақытша тоқтатылатынын ескерткенін хабарлады. Осыған байланысты құрылыс жұмыстарын бірнеше жылға шегеру ықтималдығы туындаған. Fennovoima басшысы Финляндияның АЭС құрылысынан бас тартуының басты себебі ретінде осы факторды атады.

«Росатом» фин компаниясының шешіміне наразылық білдіріп жатыр. Ол компанияның жобаны тоқтату туралы шешімнің «акционерлер деңгейінде талқысыз» қабылданғанына көңілі толмай жатыр. Аталған акционерлердің бірі – RAOS Voima. Ол 100% «Росатомға» тиесілі.