19 ақп, 2022 сағат 13:45

"Аяғым терісіне ілініп тұр екен": полицей қаңтар оқиғасында қалай соққы жегенін әңгімеледі


Алматы қаласының Медеу аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция қызметкері Ұлан Оханов 31 арнаның “Информбюро” ақпараттық бағдарламасының тілшілеріне сұхбат берді. Ол қаладағы Төле би мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында адамдарды қуып жүріп қаққан көліктен зардап шегіп, аяусыз соққыға жығылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлан Охановтың айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері арт жақтан келген әскери көлікті көмекке келген әріптестері екен деп ойлаған.

“Алыстан қарағанда көлік тізгінінде қара киім киген адам отырғанын көріп, өз қызметкеріміз деп ойладық. Соққыдан ұшып кеттім. Тұрайын десем, тобығым тайып кеткен екен, аяғымды көріп, талып қалдым”, – дейді Ұлан Оханов.

Осыдан кейін Ұланды әріптес екі досы жолдың шетіне шығарып, ағашқа сүйеген.

“Тастап кетіңдер, жүруге шамам жоқ” деп айтып үлгердім. Тағы бір есімді жиғанда байқағаным, формамнан сүйреген әлдекімдер сол маңда орналасқан “Халық банк” ғимаратының ішіне қарай апара жатыр екен. Ол жақта полиция қызметкерлері мен әскерилерді жабылып ұрып жатты. “Киіміңді шеш” деп жатқанын, бір үлкен кісінің “қазақтың баласы ғой, тиіспеңдер” деп жүгіріп, жылап жүргенін көрдім. Бірақ оны үлкен кісі деп тыңдап жатқан ешкім жоқ”, – деп есіне алды полиция қызметкері.

Ұлан Оханов соққыдан есінен танып, ауруханада ғана өз-өзіне келген. Дәрігерлер оның оң аяғының бірнеше жеріне темір салып, ота жасаған. Оған қоса миы шайқалып, сол қолынан жарақат алғанын айтты. Ол аураханада жатқан 15 күнде 15 келі салмақ жоғалтқан. Ұлан өзін емдеу мекемесіне апарған белгісіз азаматқа алғысын білдірді.

ІІМ Тергеу департаментінің төрағасы Санжар Әділовтың айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде жалпы саны 3 мыңнан астам әскери, құқық қорғау саласының қызметкерлері түрлі жарақаттармен ауруханаға түскен.

“Олардың кейбірі қызметіне орала алмайды, мүгедек болып қалды”, – деді ІІМ Тергеу департаментінің төрағасы.