Фото: Aikyn.kz
Аягөз қаласында өртенген үйден төрт баланың мәйіті табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
25 қазанда сағат 10:49-да ТЖБ күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне Аягөз қаласының жеке үйлерінің бірінде түтін шыққандығы туралы сигнал келіп түскен. 6 адамнан тұратын құтқарушылар бригадасы дереу сол жерге барған.
"Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бөлмелердің бірінде 20 шаршы метр аумақтағы жиһаздар мен жеке заттары жанғаны анықталды. Өрт сағат 11:10-да оқшауланып, 11.24-ге толық сөндірілді. Өрттің себебі анықталып жатыр.
Оқиға орнында төрт баланың денесі табылды.
Өлімнің себебі анықталуда. Тиісті сараптама тағайындалып, полиция тергеу жүргізіп жатыр" - делінген хабарламада.
Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта отбасы мүшелеріне барлық қажетті көмек көрсетілуде. Жағдай ЖАО бақылауында.