«Аягөз-Семей» бағытындағы жолаушылар автобусы тапа-тал түсте өртке оранды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТЖД-не сілтеме жасап.
Абырой болғанда көлікте жолаушылар болмаған. Жүргізушісі де аман. Келеңсіз оқиға 2 сәуір күні сағат 11.00-дер шамасында болған.
Автобус Жарма ауданына жеткенде бұзылып қалады. Қалаға жете алмайтын болғандықтан жүргізуші жолаушыларды Семейге келе жатқан басқа автобусқа отырғызады. Ал өзі Аягөзге кері қайтады. Бірақ жүріп келе жатқан автобус аяқасты өртке оранған. Тілсіз жаудың салдарынан автобустың қозғалтқыш бөлігі мен құралдар панелі, ішкі салоны, орындықтар мен дөңгелектері жанып кеткен.
«Жақын арадағы өрт сөндіру бөлімі 70 шақырым жерде орналасқандықтан құтқарушылар оқиға орнынан жеткенше автобус жанып кетті. Қазір өрттің шығу себебі мен келген материалдық шығынның көлемі анықталуда. Алдын ала болжамға сәйкес, өрт көліктегі электр сымдарының тұйықталуынан шыққан болуы мүмкін» делінген хабарламада.