Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы облысындағы жолаушылар пойызы мен автобустың соқтығысына қатысты тергеу амалдары қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аталған теміржол өткелі бағдаршаммен, шлагбауммен және өтіп кетуді болдырмайтын техникалық құрылғылармен жабдықталған. Яғни, шлагбаум жабылған кезде көлікті өткізбейтін металл құрылғы автоматты түрде көтеріледі. Автобус қалайша қоршауда қалып қойды – осыны анықтап жатырмыз», - деді Ерлан Тұрғымбаев ОҚК-дағы брифингте.
Автобус қазіргі таңда сараптамаға берілген. Сонымен бірге, елордадағы тепловозды да мамандар тексеруде.
«Қазіргі уақытта темір жолдың жай-күйін бақылаушының кінәсі бар ма, жоқ па – тексеріліп жатыр. Ол сол жерде жүріп, соқтығыстың болмауы бойынша шара қабылдау керек болатын», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Еске сала кетсек, кеше Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысқан болатын. Алдын ала болжам бойынша, автобус темір жолдың релсіне шығып кеткен. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі бала. Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.