Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтіп жатыр. Онда 2020-2022 жылдарға арналған қала бюджеті туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Автобустарды жыл сайын сатып алатын боламыз. Бізге бір мыңнан астам қоғамдық көлік қажет. Қазір бір партиясын сатып алдық, жеке парктер жаңартылып жатыр. Бюджеттен субсидияға қомақты қаржы бөлудеміз. Осыған сүйене отырып, автобус парктерінен автобустардың экологиялық таза болуын қамтамасыз етуді талап етеміз. Бұл дегеніміз қоғамдық көліктер газбен немесе электр негізінде жұмыс істеуі керек», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мәслихат отырысында.
Сонымен қатар, қала басшысы қолданыстағы троллейбус желілері жаңартылатынын айтты.
«Қолданыстағы барлық желілерді толық модернизациялаудан өткіземіз. Біздің басты мақсатымыз – электроавтобустарды іске қосу. Таяу уақытта барлық елдер біртіндеп электроавтобустарына ауысады», - деді ол.