Автобандарды пайдаланғаны үшін ақы төлеуден жалтару мақсатында көлік нөмірлерін ауыстыратын жүргізушілер анықталды. Бұл туралы «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-дан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жол полиция қызметкерлерімен бірге «Нұр-Сұлтан-Щучинск», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қорғас» ақылы учаскелерінде көліктердің мемлекеттік нөмірлері күнделікті тексеріледі. Ақылы жолдар үшін төлем көліктің нөміріне тіркелетіндіктен, жүргізушілер жалған нөмірлерді пайдаланады. Сондай-ақ жүргізушілер нөмірлерді қағазбен, шүберекпен және тағы басқасымен жауып қояды. 2019 жылдан бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы 309 хаттама толтырылды. 11 автокөлік айып тұрағына жеткізіліп, жүргізушелер 1 жыл мерзіміне көлік жүргізу құқығынан айырылды», - деді «QazAvtoJol»-дан
Мәлім болғандай, жасырын және жалған нөмірлерді анықтауға өткізу пункттері мен бақылау аркаларында орнатылған бейнекамералар көмектеседі.
«Камералар арқылы көліктің мемлекеттік нөмірлері ҚР Ішкі істер министрлігінің дерекқорымен тексеріледі. Жалған нөмірлермен жүру жол ережесін бұзудың ең ауыр түрінің бірі болып табылады және заң жүзінде қатаң жазаланады», - деді компаниядан.
Айта кетейік, жүргізушілер ақылы жолдар бойынша жеке мәліметтерді kaztoll.kz сайтынан немесе байланыс орталығына қоңырау шалу (1403 (қалалық телефондар үшін), +7 (7172) 64-87-92, +7 (7172) 64-87-85) арқылы тексере алады.