11 қаз, 2021 сағат 15:19

Австрияның жаңа канцлерінің есімі белгілі болды


Австрияның жаңа канцлері қызметіне бұған дейін елдің Сыртқы істер министрлігін басқарған дипломат Александер Шалленберг тағайындалады. 10 қазан кешінде Австрия президенті Александер Ван дер Беллен тілшілер алдында сөйлеген сөзінде 11 қазанда Шалленбергтен ант қабылдайтынын қуаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат dw.com-ға сілтеме жасап.

«Үкіметтік дағдарыс аяқталды. Еліміз игілігіне бағытталған жұмысты жалғастыруға болады», - деп мәлімдеді Австрияның мемлекет басшысы.

Ван дер Белленнің айтуынша, ол Шалленбергпен, сонда й-ақ Австрияның вице-канцлері Вернер Коглермен сөйлескенінде, олар президентті «болашақ бірлескен жұмыстың (Австрия үкіметінде – ред.) берік іргетасы бар екеніне» сендірген. 

Заңгер, кәсіби дипломат Александр Шалленберг 52 жаста, ол бірнеше шетел тілін меңгерген. Ол Австрияның бұрынғы канцлері Курцтың бағытын, әсіресе көші-қон проблемаларына қатысты ұстанымын қолдайды деп хабарланады. 

Өз сөзінде Александер Ван дер Беллен Шалленбергпен бірге Австрияның жаңа Сыртқы істер министрі де ант қабылдайтынын айтты. Алайда оның есімін атаған жоқ.