Алматы облысында жануарға жасалған қатыгездіктің тағы бір фактісі анықталды. Тағы бір жүргізуші итті көлікке байлап сүйреген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылында болған. Жергілікті тұрғындардың бірі бұл жағдайды байқап қалып, суретке түсіріп алған. Кейіннен ол Instagram желісінде жарияланды.
"Иттің аузынан ақ көбік ағып жатты. Аянышты көрініс болғандықтан, оның жағдайына алаңдадым. Жүргізушіден сұрағанымда, ол итті осылайша тасымалдап жатқанын айтты", – деп жазады автор.
Суретте иттің мойнындағы қарғыбауының екінші ұшы жеңіл көліктің төбесіне байланғаны көрініп тұр.
Осы факт бойынша Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылының 52 жастағы тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
"Қазіргі уақытта істің мән-жайы тексеріліп жатыр. Мұндай іс-әрекетке заңды баға беріледі", – деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
Бірнеше күн бұрын осыған ұқсас оқиға Атырауда болды. Бұл жолы итті көліктің артына байлап, асфальт бетінде сүйреген сәтті куәгерлердің бірі түсіріп алған.
Сондай-ақ, бұған дейін Екібастұз қаласының 72 жастағы тұрғыны көлігімен итті жетекке алып жүрген видеосы желіде тараған. Кейіннен ол ветеринарлық ауруханадан шыққан соң алабайды көлікке сала алмағанын айтып ақталған.
Ал 2020 жылдың жазында әлеуметтік желіде ер адамның тоңазытқыш есігімен итті тұншықтырған видеосы пайда болды. Бұл көрініс те қоғамда қызу талқыланған соң қылмыстық іс қозғалып, бірақ көп ұзамай тоқтатылды. Одан кейін Лаки есімді итті АҚШ-тың Калифорния штатынан бір-ақ шықты.
Жануарларды қорғаумен айналысатын қазақстандық белсенділер мұндай қатыгездік үшін жазаны қатаңдатуды бірнеше рет көтерді. Осы мақсатта 2020 жылдың қазан айында елордада бейбіт митинг те өткен.
Айта кетейік, қолданыстағы заңда жануарлардың жарақат алуына немесе өлуіне әкелетін кез-келген қатыгездік үшін кінәліге 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу (350 мың теңге) қарастырылған. Сондай-ақ, осы мөлшерде түзету жұмысына немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті, 30 тәулікке дейін қамауға алумен жазаланады.