Ауылдық жерлердегі 6,2 шақырым су құбырын ауыстыру қажет. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, осы жылдың бірінші жартыжылдығында республикада су құбыры суынан алынған 12 451 сынамаға санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша зерттеу жүргізілді. Оның ішінде 634 сынама немесе 5,1 пайызы нормативтік талаптарға сай келмейді. Құбыр арқылы берілетін су сапасының төмен болу себептерінің бірі мамандандырылған пайдалануы ұйымның жоқтығынан су құбырлары жүйесінің тозуы болып отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ауылдық елді мекендердегі су құбыры желісінің жалпы ұсындығы 40,7 шақырымды құрайды. Оның ішінде 6,2 шақырымы ауыстыруды талап етеді», - деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.
Оның айтуынша, елімізде қолданыстағы су құбырларының желісі осыдан 25-40 жыл бұрын құрыштан және шойын құбырлардан жасалған. Ал олар тоттануға бейім, әрі тез тозып, ауыз су сапасын төмендетеді.
«Осыған орай халыққа жайлы өмір сүруге жағдай жақсау мақсатында су құбырлары желісін ауқымды жаңғырту және жаңарту қажет», - деді Қайырбек Өскенбаев.
