Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары астана мектептерінде оқушылар сөмкесінің салмағын өлшеп жүр.
Ведомствоның өзі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне осындай ұсыныс білдірген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Департамент басшысы Сәдуақас Байғабыловтың сөзіне қарағанда, ауыр сөмке оқушылардың белін ауыртып, бүкір қылудан бөлек, кифоз, лордоз сияқты ауруларға шалдықтыруы, тіпті балалардың тірек-қимыл аппаратына зардабын тигізуі мүмкін.
С. Байғабылов ағзасы, қаңқа-бұлшық ет жүйесі енді ғана қалыптасып келе жатқан жеті жасар балалардың денсаулығына алаңдаулы.
Оның айтуынша, оқулық толы сөмкенің салмағы төрт, кейде бес килограмға дейін жетеді. Сондықтан оқушы сөмкесіне қойылатын талаптарды қайта қарап, мектептердің тексеру парағына қосымша тармақ енгізу қажет.
Департамент басшысы қазірдің өзінде гигиеналық талаптардың бұзылуына айыппұл салынатынын ескертті. Айта кетейік, мұндай айыппұлдың мөлшері 500 мың теңгеден асып түседі.