Ауылдық колледждер үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі қайта қаралады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазіргі уақытта 169 ауылдық жерлерде орналасқан колледж жұмыс істейді. Ауылдағы колледждерді дамыту үшін 40 колледжге 10 млрд теңге бөлініп, қажетті зертханалар сатып алынуда», - деді министр.
Оның атап өтуінше, дуальді оқыту, білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс ұйымдастырылды.
«Ендігі кезекте ауылдық колледждер үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін қайта қарап, барлық түлекті техникалық біліммен қамту үшін қосымша білім беру гранттары бөлінетін болады. Министрлік Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының аясында ауылдағы білім беру ұйымдарын дамыту, білім беру сапасын арттыру үшін кешенді әрі жүйелі жұмыстарды атқаратын болады», - деді Асхат Аймағамбетов.