22 там, 2018 сағат 14:42

Ауыл жасөспірімдерінің II жазғы ойындарының жеңімпазы - Қызылорда облысы

Қызылордада Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған Қазақстан Республикасы ауыл жасөспірімдерінің II жазғы спорт ойындары өтті. Спорт ойындарына еліміздің 14 облысынан 1000-нан аса спортшы спорттың 10 түрінен бақ сынасып, 68 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Жарыстың салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов  қатысты.

Спорт ойындардың жалпы корытындысы бойынша командалық есепте 285 ұпаймен Қызылорда облысының құрама командасы бірінші орынды жеңіп алды. Түркістан облысы 244 ұпаймен екінші, Алматы облысы 231 ұпаймен үшінші орындарды иеленді.

Облыс спортшылары спорт түрлері бойынша қазақ күресінен, грек-рим күресінен, дзюдодан, волейболдан (ұлдар), гандболдан, шағын-футболдан командалық есепте бірінші орындарды иеленсе, еркін күрестен, таеквондодан, волейболдан (қыздар) жүлделі екінші орындарды еншіледі.

Жарыстың жабылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов кезекті спорт ойындарының жалауын Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Алмат Үшкемпіровке табыстады.

Жеңімпаз және жүлдегер командалар ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің диплом, медаль, кубоктарымен  марапатталды.