Ауыл шаруашылығы саласында 2,4% өсім байқалып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауыл шаруашылығында 2,4% өсім байқалып отыр. 13 өңірде оң динамика тіркелді. Ең жоғары өсімді Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстары көрсетті», - деді Ә. Ерғалиев.
Бұдан бөлек ол 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдайға тоқталды.
«Барлық 7 көрсеткіш бойынша оң өсу 4 өңірде – Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалды. Ал, 6 көрсеткіш бойынша 9 өңірде өсу байқалады. Олар Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ
Нұр-Сұлтан қаласы. 3 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді. Батыс Қазақстан облысында тек 3 көрсеткіш бойынша өсу байқалып отыр» - деді министр.
Оның пайымынша, жергілікті атқарушы органдарға тиісті іс-шараларға назар аудару ұсынылып отыр. Атап айтқанда:
1. Белсенді түрде инвестициялар тарту, инвесторлармен нақты жұмыс жүргізу, әрбір инвестициялық жобаның экономикалық тұрғыда тиімділігін арттыру.
2. Шағын және орта бизнеске байланысты мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді түрде іске асыру және ASHYQ жобасын кеңейту.
3. Уақытылы егін жинауды және құрылыс жұмыстарының маусымын тиімді жүргізуді қамтамасыз ету.
4. «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары шеңберінде тұрақты және уақытша жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету.
5. Азық-түлік тауарларына тұрақты мониторинг және бағаның шамадан тыс өсуін тежеу бойынша шаралар қабылдау.