Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалына қандай ғимарат берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалын 20 жылдығымен құттықтап, филиалға жаңа ғимарат берілетінін айтқан еді.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел Үкіметі М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 13 мың шаршы метр болатын 15 қабатты кеңсесін беру туралы шешім қабылдады. Бұл бізге ресейлік әріптестермен бірге басым мамандықтар бойынша жоғары білікті мамандарды даярлау тізімін кеңейтуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сондықтан алдағы жаңа жылда сіздерді жағымды істер күтіп тұр», - деді Мемлекеттік хатшы ММУ Қазақстан филиалында өткен мерейтой кешінде.
Қырымбек Көшербаев ММУ Қазақстан филиалының ұжымына зор денсаулық, бақыт, шығармашылық табыс, білім мен ғылымдағы жаңа белестерді бағындыруды және Қазақстан мен Ресейдің өркендеуін тіледі.
Сондай-ақ, салтанатты жиын барысында Мемлекеттік хатшы М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының директоры Александр Сидоровичке «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.
Айта кетейік, М. В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және РФ президенті Владимир Путиннің қолдауымен құрылған.
2000 жылғы 9 қазанда Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің Қазақстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарында ММУ ректоры, академик В.А. Садовничий мен ҚР Білім және ғылым министрі Қ.Е.Көшербаев Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің базасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалын құру туралы хаттамаға қол қойған болатын.
