13 шіл, 2022 сағат 10:10

Ауыл шаруашылығы министрлігі қант қоры туралы мәлімет берді


Зауыттардың жедел деректеріне сәйкес маусым айында Қазақстанда 38 мың тонна қант өндірілген. Оның ішінде Тараз қант зауыты – 18 мың тонна, Көксу зауыты – 9 мың тонна, Меркі қант зауыты – 11 мың тонна, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Маусымда үшінші елдерден бажсыз әкелуге арналған квота шеңберінде 23,5 мың тонна өнім импортталды. Әкімдіктердің деректері бойынша айдың басында қорлардағы көлем 28,9 мың тоннаны құрады. Ауыспалы қор шілде айының басында 27,2 мың тоннаны көрсетті.

Зауыттардың деректеріне сәйкес, шілдеде 37 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр, ал оның импорты 39,7 мың тонна болады деп күтіліп отыр.

Бұған қоса, 11 шілдедегі көрсеткіш бойынша республикадағы қант қоры – 26,8 мың тонна" - делінген хабарламада.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өніммен қамтамасыз ету үшін 250 мың тонна көлемінде қант пен құрақ шикізатын бажсыз әкелуге квота бөлді, қалған 100 мың тоннаны бөлуге өтінімдер қабылданып жатыр. Квоталардың қолданылу мерзімі 31 қазанға дейін ұзартылып, төрт жұмыс тобы құрылып, зауыттар, облыс әкімдіктері, ҚР ҚМ МКК, «ҚТЖ» ҰК» АҚ шеңберінде қант көлемдерін өңірлерге жедел бөлу жүзеге асырылады. Сондай-ақ қант өндіру мен жеткізудің апта сайынғы кестесі пысықталып отырады. Одан бөлек өңірлердің қантпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүзеге асырылады. Жүкті уақтылы кедендік ресімдеу жүргізіліп, тораптық станцияларда тұрып қалуды болдырмау мақсатында қант пен шикізатты тасымалдау процесі қадағаланабақ.

"Сондай-ақ Үкімет отандық қант нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі бес жылдық кезеңге арналған іс-шаралар жоспарын мақұлдады. Жоспар аясында оған қант қызылшасын егу алаңдарын ұлғайту, суару желілерін қайта құру және салу, қант зауыттарын жаңғырту, ішкі нарықты қорғау, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі іс-шаралар кіреді. Сонымен бірге, қант қызылшасын қайта өңдеуге өткізуді субсидиялау нормативі ұлғайтылады, құрақ шикізатының импорты кезінде ҚҚС-ты нөлге түсіру және қызылша қантын өндіруге ҚҚС-ты 70%-ға төмендету және құрақ қантына осы жеңілдікті тарату бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту қарастырылып жатыр" - делінген министрлік хабарламасында.