Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 29 жоба пайдалануға берілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылдың 10 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгені құрады. Есептік кезеңде тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 5,9%-ға ұлғайып, 81,8 млрд теңгені құрады. Заттай мәнде ағымдағы жылдың 10 айында жарма өндіру көлемі 5,3%-ға, крахмал өнімдерін өндіру көлемі 18,7%-ға, жеміс және көкөніс шырындарын өндіру көлемі 2,8%-ға, қант өндіру көлемі 2,6 есе, қышқыл сүт өнімдерін өндіру көлемі 5%-ға, сары май өндіру көлемі 9%-ға артты», - деді Е. Қарашөкеев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, ұн өндіру көлемі 4,5%-ға, өсімдік майын өндіру көлемі 3%-ға, шұжық өнімдерін өндіру көлемі 0,4%-ға төмендеді.
«Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 29 жоба пайдалануға берілді, оның ішінде жалпы қуаты 34 мың тонна ет өңдеу бойынша 6 жоба, жаңғырту және құрылыс есебінен жалпы қуаты 96 мың тонна сүт өңдеу бойынша 10 жоба, 530 мың тонна майлы дақылдар өңдеу бойынша 3 жоба және жылына 200 мың тонна бидайды тереңдете өңдеу бойынша 1 жоба, жалпы қуаты 23,5 мың тонна макарон және жарма өнімдерін өндіру бойынша 3 жоба іске қосылды. Бүгінде инвестициялық жобалар пулында шамамен 100 жоба бар. Бұлар - өндірістің қосымша өсімін және тиісінше экспорттың қосымша көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар. Бұл сайып келгенде, өңделген өнімнің экспортын ұлғайту бойынша қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді министр.