18 қаз, 2021 сағат 17:40

Ауыл шаруашылығы министрі биылғы астық түсіміне болжам жасады


ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биылғы астық өніміне болжамын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Шынында да, биыл астық өнімдерінің түсімі өткен жылмен салыстырғанда төмен болды. Астық бойынша бізде шамамен 16 млн теңге болады деп жоспарлап отырмыз. Өнімділік – орташа. Жалпы өнімділік 10 центнер деңгейінде байқалды. Біз қазір жинап отырған көлемнің ішкі қажеттілікті өтеу үшін жеткілікті болатынын айтқым келеді. Ал ішкі қажеттілік - нан мен азық-түлікке арналған бидай. Әрине бізде тұқымдық материал ретінде 2 млн тонна астық кетеді, сондай-ақ мал шаруашылығында жем астығы қарқынды пайдаланылады. Тиісінше, экспорттық әлеуеттің көлемі балансқа кіретін 3 млн тонна астықты ескереді. Біздің экспорттық әлеуетіміз шамамен 6,5 млн тоннаны құрайды», - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, жалпы БҰҰ Азық түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы орта мерзімді перспективада азық-түлік тобына өсім болады деген болжам бар. 

«Ішкі бағаларға келсек, астық және оның қайта өңделген өнімі – ұн экспорттық тауар екенін ескерсек, осы өнімдерге әлемдік бағалардың конъюнктурасына тікелей байланысты. Жалпы, осыған байланысты бағаның өсуі байқалады. Дегенмен, бірқатар өңірлерде өнімділіктің төмен болғанын ескерсек, тиісінше фермерлерде де елеулі шығын болды және астықтың өзіндік құны өсті. Осыған байланысты астық бағасының өсуі бір жағынан фермерлердің қаржылық жағдайына жағымды әсер етеді, өйткені экспорттық түсім есебінен келесі жылдың көктемгі-далалық жұмыстарын табысты жүргізу үшін барлық шаралар кешенін дайындау қажет», - деп түсіндірді министр.

Сонымен бірге, Қарашөкеев нан бағасының маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. 

«Біз нан бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша бірқатар шара қабылдап жатырмыз. Біріншіден, нан өндіретін барлық кәсіпорындарды астықпен, ұнмен қамтамасыз ету. Осы мақсатта Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мемлекеттік резервтерден арзандатылған астықты әлеуметтік нан пісіруге ұн тарту кәсіпорнына жіберуі үшін қазіргі заңнамаға өзгерістер енгіземіз. Үкімет бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап отыр. Өңірлер тұрақтандыру қорларында нан-тоқаш өнімдерін жасау үшін ұн жинайды. Жаңа жылдан кейін бұл жұмысқа Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қосылады. Өздеріңіз білетіндей, корпорация форвардтық сатып алу есебінен шамамен 680 мың тонна астық сатып алды, жартысынан көбі форвардтық сатып алу бойынша жеткізілді», - деп түсіндірді министр.