23 қар, 2021 сағат 11:23

Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген 3,7 мыңнан астам грант игерілмеген


2019-2021 жылдары ауыл шаруашылығы бағыттар бойынша игерілмеген білім беру гранттарының саны 3 778 бірлікті құрады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы саласында кадрлар даярлауды республиканың 25 жоғары оқу орны және ауылдық жерлерде орналасқан 169 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жүзеге асырады. Ауыл шаруашылығы бағытындағы («Ауыл шаруашылығы», «Ветеринария») білім беру бағдарламалары бойынша ЖОО 8 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 7 мыңнан астам адам мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) негізінде, ТжКБ ұйымдарында 38 мың адам оқиды, оның ішінде 35,9 мың адам, яғни 94%-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда», - делінген Үкімет басшысының жауабында. 

Оның атап өтуінше, ауыл шаруашылығы бағытында мамандарды даярлау үшін мемлекеттік тапсырысы жыл сайын бөлінеді. 2021 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» мамандықтарына 2920 грант (2020 жылы – 2720 грант, 2019 жылы – 2482 грант) бөлінді. 

«Бұл ретте, көрсетілген мамандықтар бойынша гранттар толық көлемде игерілмейді. Атап айтқанда, 2019-2021 жылдары көрсетілген бағыттар бойынша игерілмеген білім беру гранттарының саны 3778 бірлікті құрады. «Мәңгілік ел жастары - Индустрияға!» («Серпін») жобасы (бұдан әрі – «Серпін» жобасы) бойынша 2021 жылы бөлінген 5656 гранттың 2102-і (37%), 2020 жылы бөлінген 5107 гранттың 979-ы (19%) ғана игерілді. Сонымен қатар, өңірлер әкімдіктері, оқу орындарының қабылдау комиссиялары азаматтарды ЖОО мен ТжКБ ұйымдарында оқуға тарту бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Оның үстіне, 2017 жылдан бастап заңнамалық тұрғыда жергілікті атқарушы органдар гранттар бөліп келеді», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы жауабында көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, оның ішінде ауылдан шыққан балаларды қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдар 2017-2021 жылдар аралығында 8 мыңнан астам грант бөлінгенін айтады. Бұдан басқа, қолданыстағы заңнама аясында ауыл жастары арасынан шыққан азаматтарына ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға ЖОО және ТжКБ ұйымдарында оқу үшін бекітілген мемлекеттік тапсырысының 30 пайызы мөлшерінде квота көзделген атап өтеді. 

«2021 жылы ЖОО-да оқу үшін ауылдық квота бойынша (педагогикалық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар, журналистика, ақпараттықкоммуникациялық технологиялар, медицина, инженерлік ғылымдар, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, бизнес және басқару, қызмет көрсету) 16 мыңнан астам грант бөлініп, игерілді. Сондай-ақ, ауыл жастарын қолдауға бағытталған «Серпін» жобасы бойынша мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінен 10 пайыз квота қарастырылған», - деді ол.