ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина ауыл әкімдерін сайлауын өткізуге қанша қаржы жұмсалатындығын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Оларды ұйымдастыру және өткізу жөнінде қабылданған нормаларды жүзеге асыру Орталық сайлау комиссиясы арқылы республикалық бюджеттен ағымдағы мақсатты трансферттер бөлу арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Бюджет кодексінің 42-бабы 7-тармағына сәйкес жоғары тұрған орган қабылдаған нормативтік-құқықтық актілерден туындайтын төменгі бюджеттердің шығыстарын өтеу жоғары тұрған бюджеттен ағымдағы мақсатты трансферттер бөлу арқылы жүргізіледі», - деді Сәбила Мұстафина ОСК отырысында.
Айта кетейік, 2021 жылдың 24 мамырында Президент «2021-2023 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған болатын. Онда аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық окургтердің әкімдерін сайлауға қаражат қарастырылған. «Республикалық бюджет туралы» заңда ауыл әкімдерін сайлауға осы жылдың соңына дейін 4,7 млрд теңге қарастырылып отыр.
«Шығындардың алдын ала шығысы базалық шығынға негізделген. Олар: жалпы сметаның 80 пайызына жуықтайтын сайлау комиссиясы мүшелерінің жалақысы, БАҚ-тағы жарияланымдар, полиграфия және басқа өнімдер, көлік жалдау, байланыс қызметі, іс-сапар шығыстары, сонымен қатар сайлау комиссияларының барлық мүшелерін жеке қорғаныс заттармен қамту», - деді ол.