11 ақп, 2020 сағат 12:27

Аутизмі бар балаларды бейімдеу орталығы коттедж жалдауға мәжбүр

Көкшетау қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету бағытында «Ерекше өмір» мүгедек балалардың ақпараттық-үйлестіру ресурстық орталығы» қоғамдық қоры жұмыс істеуде. Оны ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналары қосылып ашқан. Солардың бірі – аталмыш қор төрайымы Әлия Рақымбекова, деп хабарлайлды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қоғамға инклюзивті мәдениетті арттырып, әлеуметтенуге өз үлестерін қоса алатындықтарын түсінетін уақыт жетті. Мамандардың статистикалық деректеріне сүйенсек, соңғы кездері аутизм дертіне шалдыққан балалардың саны артып келе жатқандығы байқалады. Мұндай балаларға бірінші кезекте, дәрі-дәрмек емес, педагог-психолог, логопедтің көмегі қажет. Әлия Ракумбекова өзінің перзенті осындай дертке шалдыққанын екі жасында байқаған. Оның өзге аналармен бірлесіп, «Ерекше өмір» мүгедек балалардың ақпараттық-үйлестіру ресурстық орталығы» қоғамдық қорын ашуға да осы түрткі болған.

«Біз – ата-аналар тобы біраз уақыт бастамашылық таныттық. 2018 жылы желтоқсанда алғашқы қор құрдық және қор жанынан әлеуметтік бейімдеу орталығын аштық. Мұндағы басты мақсатымыз – қоғам мен мемлекеттік органдардың назарын балалардың арасында аутизм дертінің көбейіп бара жатқанына аудару. Дер кезінде денсаулығында кінәраты бар балаларға диагностика жасау және оңалту шараларын қолға алу арқылы мүгедек балалар санын азайту», – дейді қор басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні орталыққа айына 20-25 бала келеді. Балалар педагогикалық коррекция бойынша көмек алып, тұрмыстық және әлеуметтендіру дағдыларын үйренеді. Сонымен қатар, орталық денсаулығында кінәраты бар балалардың ата-аналарына да психологиялық көмек ұсынады. Орталықта 6 педагог-психолог әр баламен жеке жұмыс істеуде. Мұнда сал ауруына шалдыққандар үшін заманауи жабдықтар, «Акробат» трансформері, басқа да құралдар орнатылған. Израиль және Ресейден дәрігер мамандар келіп, көмек көрсетіп тұрады.

«Орталықтағы балалардың 80 пайызы қалада тұрады, қалған 20 пайызы аудандардан келгендер. Олардың арасында Зеренді ауданы мен Степногорск қалаларынан келіп оқитын балалар да бар», – дейді Ә.Рақымбекова.

Қор басшысының айтуынша, бүгінгі күні проблема да жоқ емес. Өз ғимараттары болмағандықтан, орталық коттедж жалдап отыр.

«Ай сайын ғимаратты жалға алған үшін 400 мың теңге ақша төлейміз. Бұл, әрине, аз ақша емес. Арзандау ғимарат алсақ, оған балалар сыймайды. Талап бойынша, әр педагогтің өз кабинеті болуы тиіс. Сол себепті, ата-аналардың балалары үшін жоғары ақы төлеуіне тура келеді. Егер өз ғимаратымыз болса, орталыққа келу ақысы да төмен болар еді», - деп мәлім етті Ә.Рақымбекова.

Ол бұл мәселемен қала, облыс әкіміне де жүгінген екен. Ондағылар қолдан келгенше көмектесуге уәде де берген. Әзірге, бұл мәселе оң шешілетін емес.

Өткен жылы орталық «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 3 милион теңге грантына ие болған.

Айта кетейік, облыста «аутизм» диагнозы қойылған балалармен жұмыс істейтін орталықтың жетіспеушілігі байқалады. Дегенмен, инклюзивті кабинеттердің жұмысы жанданып, өзіне жүктелген функциясын ойдағыдай атқаруда. Бүгінгі таңда Ақмола облысының мектептерінде дамуында ерекшелігі бар 2 мыңнан астам бала тәлім-тәрбие алуда. Негізгі жұмыс оны әлеуметтендіруге бағытталған. Яғни, инклюзивті орта қалыптастырылуда. Облыстағы төрт жүзден астам мектепте инклюзивті сыныптар ашылды. Оның бесеуі Көкшетаудағы №19 мектепте ашылды. Онда бірден бесінші сыныптарда 89 бала білім алуда. Бұл мектептерде балалардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Нысандарда 736 пандус орнатылған. Өткен жылы тағы 16 мекемеге құны бір миллион теңге қаржыға көтерілгіштер мен пандустар орнатылды. Биылғы 2020 жылы 11 мекемеге үш миллионнан астам қаржы қарастырылып отыр. Осыдан-ақ, бүгінгі күні қоғам арасында инклюзивті мәдениет қалыптаса бастағанын байқауға болады.