06 сәу, 2022 сағат 13:08

Аутизм мен психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 8 орталық ашылады


«Қамқорлық» жобасы аясында аутизм мен психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 8 күндізгі орталық ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов осындай мәлімет берді. 

«Біз күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бүгінде осындай көмекті 95 мың отбасы алып отыр. 

2020 жылы азаматтардың талап-тілектері ескеріле отырып атаулы көмекті тағайындау механизмі өзгертіліп, 25 табыс түрі мен әлеуметтік төлем алынып тасталды.

Көмек алушыларды еңбекке ынталандыру тәсілдері енгізілді. Егер еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартса, атаулы көмек 6 айға тоқтатылады. Бұл атаулы әлеуметтік көмектің масылдыққа айналуын болдырмауға бағытталған. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмекті басқа жәрдемақылармен салыстыруға болмайды», - деді Ералы Тоғжанов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Сондай-ақ, ол мұқтаж азаматтарға проактивті форматта көмек көрсету үшін мемлекеттік органдардың 20 цифрлық қосымшасын интеграциялау арқылы Отбасының цифрлық картасы әзірленетінін айтты.

«Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметімен қамтамасыз ету мақсатында 2021-2023 жылдары республикалық бюджет есебінен 12 оңалту орталығын салу жоспарланған, оның 5-еуінің құрылысы былтыр басталды.

Сондай-ақ, «Қамқорлық» жобасы аясында аутизммен сырқат және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 8 күндізгі орталық ашу жоспарлануда. Осындай 17 орталық былтыр ашылып, қолданысқа берілді», - деді вице-Премьер.