Қазақстандық Михаил Кукушкин Аустралия ашық чемпионатының негізгі турниріне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дүниежүзілік рейтингте 180-сатыда тұрған 34 жастағы қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 141-ракеткасы, 25-тегі америкалық Эрнесто Эскобедомен кездесті.
Бірінші партияда М.Кукушкин 6:4 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде Э.Эскобедо қарымта қайырды – 7:5.
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші шеберлігін көрсете білді – 7:5.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында М.Кукушкин 10 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді. Қарсыласы 9 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша Аустралия ашық чемпионатына әйелдер мен ерлер арасында Қазақстаннан үш-үштен теннисші қатысатын болды. Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Диясқа қоса Александр Бублик, М.Кукушкин және Тимофей Скатов жекелей сында кортқа шығады.
Өткен жылы «Үлкен дулыға» жарысында Бублик екінші, Кукушкин бірінші айналымнан аса алмаған еді.