22 қаң, 2022 сағат 11:10

Australian Open: Александр Недовесов жұптық сында үшінші айналымға шыға алмады


Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

А.Недовесов пәкстандық Айсам-уль-Хак Курешимен бірге екінші айналымда америкалық Маркос Хирон – оңтүстіккореялық Сун Ву Квонмен шеберлік байқасты. 

Бірінші партияда қазақстандық-пәкстандық жұп екі рет брейк жасап, айқын басымдылық көрсетті – 6:1. Екіншісінде қарсыластары есе қайырды – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Онда Хирон мен Квон жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:7).

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Куреши 3 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Хирон мен Квон ширек финалға шығу үшін осы жарыстың 10-ракеткалары, нидерландылық Уэс Колхоф – ұлыбританиялық Нил Скупскимен таласады.