22 сәу, 2022 сағат 00:27

Ауғанстанның төрт қаласында жарылыс болды


Бүгін Ауғанстанның бірнеше қаласында қатарынан жарылыс болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Aamaj News жаңалықтар агенттігіне сілтеме жасап.

Елдің ішкі істер министрлігі таратқан мәлімет бойынша алғашқы жарылыс Кабулдағы бесінші полиция округінде болған. Ол жерде екі бала жеңіл жарақаттанды. 

Екінші жарылыс Балх провинциясының орталығы Мазари-Шарифтегі Сех Докан мешітінде жамағат күндізгі құлшылыққа жиналған кезде болды. Кемінде 5 адам көз жұмып, 65 адам жарақаттанды. 

Ал, Кундуз қаласында мина орнатылған автокөлік гуманитарлық көмек алу үшін жиылған көпшіліктің ортасында жарылды. Алдын ала берілген мәліметте шамамен 30 адам зардап шеккені айтылады. 

Тағы бір жарылыс Нангархар провинциясында болды. Сол маңнан өтіп бара жатқан «Талибан» радикалды қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) көлігіндегі 4 содыр қайтыс болып, біреуі жарақат алған. 

Әзірге Ауғанстан аумағындағы террористік топтардың ешқайсысы да жарылыстар үшін өзіне жауапкершілік алған жоқ. 

Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын Кабулдың батыс бөлігіндегі мектептерде болған бірнеше жарылыстан ондаған зардап шеккен, өлгендері де бар.