«Атырау-Нұр-Сұлтан» әуе рейсінің жолаушысынан 2500 АҚШ доллары мен 200 мың теңге ұрлаған Қарағанды облысының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылғы 24 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық әуежайындағы желілік полиция бөліміне «Скат» әуе компаниясының «Атырау-Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе рейсінің 66 жастағы жолаушысы шағымданған. Оның айтуынша, жүк бөлімшесінде белгісіз адам жеке заттары мен 2500 АҚШ доллары және 200 мың теңге көлеміндегі ақша қаражаты салынған жүгін ұрлап кеткен. Сондай-ақ, ол жүктің Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келгенде жоғалғанын айтқан.
«Сол күні-ақ көлік полицейлерімен ҚР ҚК 188-бабының 3 бөлігімен, яғни, ірi мөлшерде жасалған ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында елордалық әуежайдың желілік полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері осы рейспен ұшып келген жолаушыны ұстады. Ол Қарағанды облысының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Қаскүнем тасымалдағыш багаж лентасында жәбірленушіге тиесілі заттар мен ақшаларды жасырын ұрлап кеткендігін мойындады. Ұрланған заттар мен ақша тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық №2 сотының үкімімен азамат қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды», - деп атап өтеді департаменттен.