Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мамлют ауданының әкімі пара алғаны үшін ұсталды. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімінің қылмысы әшкере болды. 1 қыркүйек күні Солтүстік Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросымен жүргізілген жедел іздестіру шарасы барысында Мамлют ауданы әкімінің парақорлық әрекеті әшкереленді. Әкім жалпы қамқорлығы үшін ЖШС директорынан 185 мың ресей рублі сомасында ақшаны пара ретінде алған. Теңгеге шаққанда 1 млн теңгені құрайды», - деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, әкім ұсталған уақытта кінәсін толықтай мойындады. Сондықтан қамауға алынған жоқ.
«Параға алған ақша оның кабинетінен табылған болатын», - деді Нұрлан Жахин.