11 қаң, 2018 сағат 11:32

Ауа райының бұзылуына байланысты жағдай бақылауға алынды – ІІМ

Ішкі істер министрлігі ауа райының бұзылуына байланысты жағдайды бақылауға алып, жедел ақпараттарды халыққа уақытында жеткізіп отыр. Бұл туралы үкімет отырысында министр Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Боран соғып, желдің күшейіп, ауа райының бұзылуына байланысты көліктердің қозғалысын шектеп, бақылауға алу бойынша шаралар қолға алынды. Қазір Астанадан шығатын барлық жол жабылды. Ақмола, Қарағанды,Павлодар және Қызылорда облыстарында да жол жабылды", — деп баяндады Қасымов Үкімет отырысында. 

Министрдің айтуынша, барлық жолда бақылау бекеттері орнатылып, жол полициясы, жол қызметтері жұмыс істеп жатыр, төтенше жағдайлар комитеті құтқарушыларының кезекшілігі ұйымдастырылды. 

"Астана мен облыс орталықтары, елді мекендерде облыстық полиция мен төтенше жағдайлар басқармасы жол тазалап жатқан коммуналдық қызметтерге көмек көрсетуде. Қажет болған жағдайда резервте тұрған күштер пайдаланылады, олар дайын тұр. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, халық ауа райы туралы ақпаратты тұрақты түрде алуда", — деп сендірді министр.