Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастамасымен ШҚО-да су деңгейінің көтерілуінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинайтын штаб ашылды. Аймақтағы мемлекеттік қызметшілер де бастамаға үн қосып, зардап шеккендерге қаржылай көмек аударуға ниет білдіріп отыр, - деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Роллан Құспанның айтуынша, дүйсенбі, 12 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау үшін жастар ресурстық орталығы базасында штаб ашылған.
- Бұл бастаманы барлық жастар ұйымдары қызу қолдады, - дейді Роллан Құспан. –Гуманитарлық көмек 19 наурызға дейін жиналады. Содан кейін Шығыс Қазақстан облысына жөнелтеміз. Біздің еріктілеріміз де су тасқыны болған жерлерге барып, қолдарынан келетін көмектерін көрсетуге ниетті.
Сондай-ақ, Атырау облысы әкімі аппараты мен басқармалар су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмек жинап жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің бір күндік еңбекақылары арнайы есепшот ашылғаннан кейін су тасқынынан зардап шеккендердің есепшоттарына аударылады.