10 қар, 2023 сағат 13:51

Атыраудың экс-әкімі Қайрат Оразбаев қамауға алынды

Фото:azh.kz

Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат Оразбаев ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Атырау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

"2020-2022 жылдар аралығында әкімдіктің лауазымды тұлғалары жеке тұрғын үй құрылыстары үшін рекреациялық аймақтарға (жасыл желек аймақтары, саябақтар, скверлер, жағалаулар және т.б.) жататын жер учаскелерін заңсыз бергені анықталды.

11 қарашада ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдік бойынша тергеу шеңберінде Атырау қаласының экс-әкімі К.К. Оразбаев ұсталып, қалалық Полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды" - делінген хабарламада.

ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Тергеу жалғасып жатыр.