21 қаз, 2019 сағат 16:18

Атыраудағы перинаталды орталықта инфекция анықталды - ДСМ

Сәби өлімі тіркелген Атырау облыстық перинаталды орталықта ішкі ауруханалық инфекция анықталған. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның төрағалығымен 26 адамнан тұратын комиссия 5 қазан күні жұмысқа кірісіп, жұмыстарын 18 қазанда аяқтады. Яғни, комиссия жалпы аймақтағы балалар өліміне не себеп болғанын анықтау үшін талдау жұмыстарын жүргізді. Дәл осы Атырау облыстық перинаталды орталықта тамыз-қыркүйек айларында бала өлімінің неліктен көбейіп кеткенін зерттедік», - деді Людмила Бюрабекова Парламент Сенатындағы Үкіметтік сағаттан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Комитет басшысының айтуынша, Атыраудағы сәби өлімі тіркелген облыстық перинаталды орталықтан ішкі ауруханалық инфекцияның бары анықталған.

«Ол – бактериальды ішкі ауруханалық инфекция. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша ол ауруханада комиссия-инфекциялық бақылау болуы керек болатын. Алайда ол орталықта ол комиссия сөз жүзінде ғана жұмыс істеген», - деді ол.