Атыраудағы атыстан жарақат алып, ауруханаға түскен жігітке операция жасалды. Бірақ, науқас әлі есін жиған жоқ, комада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін Атырауда атыстан үш адам мерт болып, біреуі ауруханаға түскенін, күдіктінің қамауға алынғанын жазған болатынбыз.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, атыс кеше, 15 наурызда сағат 22:10 шамасында болған. Атырау қаласының «Авангард-3» шағынауданындағы аялдамада тапаншадан атылған оқтан 27 және 23 жастағы екі жігіт қаза тапқан. Кейіннен 27 жастағы тағы бір жігіттің мерт болғаны анықталды.
Ал, сағат 22:50-де облыстық ауруханаға 1995 жылғы азамат ауыр жағдайда түскен.
«Ол – Атырау қаласының маңындағы Еркінқала елді мекенінің тұрғыны. Оқтан науқастың бас сүйегінің сол жақ бөлігі, миы жарақаттанған. Бет сүйегі жырылған. Дәрігерлер науқастың басына ота жасады. Науқастың отадан кейінгі жағдайы әлі ауыр. Әлі комада жатыр. Қазір облыстық аурухананың жансақтау бөлімшесінде дәрігерлердің жіті қадағалауына алынды», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.