15 қыр, 2023 сағат 11:26

Үлескерлердің 650 млн теңгесін қолды еткен құрылыс салушылар қамалды

Фото: gov.kz

Атырау қаласының прокуратурасы құрылыс салушылардың заңсыз қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство мәліметінше, Атырау облысында «Nazik group» ЖШС және «Андорра Констракшн» ЖШС құрылтайшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Олар тұрғын үйдің үлестік құрылысына 650 млн теңге салған 30-дан астам азаматтың қаражатын заңсыз иемденді деген күдікке ілінген.

Ресми дерекке сүйенсек, үлескерлер күдіктілердің кесірінен баспаналарын екі жыл бойы ала алмаған.

"Аталған серіктестіктердің құрылтайшылары соттың санкциясымен қамауға алынды.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етілуге жатпайды" - делінген хабарламада.

Өз кезегінде облыс прокуратурасы «әрбір азамат қырағылық танытуы тиіс екенін және объективті хабардар болу үшін жергілікті атқарушы органдардың құрылыс бөліміне немесе басқармасына жүгіну қажет» екенін атап өтті.