06 нау, 2018 сағат 09:50

Атырауда тірідей жанғандардың туыстары жатақханадағы сұмдықтарды айтты

Атырау облысындағы жатақханада жанып кеткен жұмысшылардың мүрделері үйлеріне жеткізілді. Қарабатандағы газтурбиналы электр стансасының құрылысында өртеніп кеткен 7 жұмысшының барлығы Оңтүстік Қазақстаннан екені айтылған еді, деп хабарлады КТК.  

Жұмыс істеуге кетіп, табытпен оралғандардың туыстары қайғыдан қан жұтып отыр. Қаза тапқан жұмысшылардың ең үлкені 39-да, ең жасы 27-де екені белгілі.  Кеше сол 27 жастағы Мақсат Шыңғысбаевтың мүрдесі үйіне жеткізілді. Өртеніп кеткен жұмысшының денесін әуежайдан әкелген бойда жаназа басталып кетті. Туыстарының марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға да көп уақыты болмады. Табытты ашпаған күйі жерлеуге әкетті. Ауыр қайғыдан қабырғасы қайысқан туыстары жақындарының өліміне ол жұмыс істеген мекеменің салғырттығы себеп болды дейді. 

"Жаңағы казармадан 380 вольт желі өтеді екен. Сол желі тұйықталып үзіліп, жерге түскен, жан-жақтың бәрі темір қоршау. Казармада неге сигнализация жоқ?  Неге өрт сөндіру құралы жоқ? Неге құтқару апараттары жоқ?", — дейді  марқұмның туысы Тәттігүл Сүлеева.

Үйіндегі ұлдың үлкені Мақсат 2 жылдай Атырау облысында әкесімен бірге вахталық әдіспен дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген. Наурыздың 10-на өзі келіп, әкесі кетуі керек болған екен. Соңғы рет өртенерден 15 минут бұрын ғана жақындарымен сөйлескен ол түнгі ауысымнан шыққанын айтыпты. Оның артында 2 қызы мен ұлы қалды. Жетім атанған балаларының ең үлкені бар-жоғы 4 жаста. 

"Есік-терезе істеу керек. 12 метрлік ұзын вагонның ішіне жайғастырған, түрмеге қамағанмен бірдей ғой. Концлагерьдегі құл ғой. Дұрыс па? Бұл мүмкін емес", — дейді марқұмның туысы Серік Омаров.

Марқұмдардың туыстары 7 адам тірідей жанып кеткен дөкей компанияда қатаң және толық тексеріс болуын талап етуде. Әйтпесе қазақтардың қойша қырылуы тоқтамайды деп есептейді.

Еске салсақ, 2 наурыз күні Қарабатан стансасындағы "Газтурбиналы электр станциясының" құрылысы жүріп жатқан аймақтағы жатақхана өртеніп, 6 адам тірідей жанып кеткен еді. Ал, төртеуі ауруханаға түскен болатын. Кейін денесінің 75 пайызы күйіп қалған тағы бір жұмысшы ауруханада қайтыс болды.