Атырауда полицейлер суға батқан адамды құтқарып алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жайық өзенінің жағасын тексерген полиция патруль экипажы ер адамның көмекке шақырған даусын естіді. Түн ортасында мас күйде суға түскен ер адам өзеннің ортасына дейін жүзіп барып, жағаға жете алмай қалған. Істің насырға шаба бастағанын түсінсе керек, айғайлап көмекке шақырады», - дейді полиция департаментінің өкілдері.
Оның бағына қарай полицейлер сол маңға жетіп қалған.
«Мен Дамба ауылында туып-өскенмін, жақсы жүзе аламын. Бірақ нұсқау бойынша біз құтқарушыларға хабар беруге тиіспіз, мен де сөйттім. Кейін қасымдағы серігім сержант Жамбыл Тұрымбетовтен машинадан құтқару топтамасын әкелуді сұрадым. Уақыт оздырмай суға күмп беріп, ер адамның жағаға шығуына көмектестім», - дейді қатардағы полицей Орынтай Хуресов.
Тексеріс кезінде суға бата жаздаған ер адамның мас болғаны анықталды. Полиция басқармасында 32 жастағы ер адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша хаттама толтырылды.
Айта кетейік, Атырау облысында жыл басынан бері суға кеткен 12 адамның үшеуі мас болған.