Атырауда перинаталдық орталықтың 28 дәрігерінің жұмыстан шығу туралы өтінішіне қол қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өз еркімен жұмыстан босу туралы барлығы 31 дәрігер өтініш білдірген еді. Үш дәрігер өз өтінішін қайтарып алды. 28 адамды жұмыстан босату туралы бұйрыққа қол қойылды. Бірақ, олар 7 қарашаға дейін жұмыс істейтін болады», - деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Танбаева.
Оның айтуынша, дәрігерлердің жұмыстан шығуы перинаталдық орталықтың жұмысына кері әсер етпеуі тиіс.
«Біздің облыстың гинекология қызметіне көмек көрсету туралы басқа өңірлердегі әріптестерімізбен келісім жасалған. Қалада қазір мамандар жұмыс істеп жатыр. Тағы да дәрігерлер тобы келуі мүмкін. Басқа да шаралар қолданылып жатыр», - деді Гүлнафис Танбаева.
Еске салайық, Атырау облыстық перинаталдық орталығының қызметкерлері, атап айтқанда бас дәрігер мен акушер жаңа туған сәбиді әдейі құтқармады деген күдікке ілінді. Олар өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазып, кейін Президентке хат жолдады.