Атырауда 15 мамырда ер адам көлігінен түсіп, қара түсті қоқыс салатын қапты суға лақтырып жіберген. Кейін қапта сүйек болғаны анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға сағат 21:00-де қаладағы Мечников көпірінде болған. Бұл әрекеті Атырау қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
"Тәртіп сақшылары аталған азаматты дереу анықтап, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы 1-бөлімімен "Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау" әкімшілік хаттама толтырды. 1977 жылғы ер адам қара түсті қоқыс салатын қапқа садақадан шыққан сүйек қалдықтарын салғанын айтты", - дейді Атырау ПБ баспасөз қызметіндегілер.