28 қыр, 2022 сағат 22:16

Атырауда Мұхтар Шахановтың жыр кеші өтті


Атырауда Қазақстанның Еңбек ері, ақын, жазушы Мұхтар Шахановтың жыр кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Мұхтар Шахановтың 80 жасқа толу мерейтойына орай «Ғасырдың ғаламат ақыны» атты поэзия кеші өтті.

Мұхтар Шахановтың алдаспан ақын Махамбет рухына, көсіле аққан Жайық өзеніне іңкәрлігі туындыларынан анық аңғарылады. Сол себептен шығармашылық кеш ақынның шоқтығы биік жырларынан құралған «Сәлем, ұлы Жайығым!» атты театрландырылған прологпен ашылды. Бұдан соң облыс әкімі Серік Шәпкенов мерейтой иесін құттықтап, берекелі ғұмыр мен шығармашылық шабыт тіледі.


«Біз бүгін жырларын қазақ халқы жатқа білетін ақын, Желтоқсан жылнамасынан роман-эпопея жазған жазушы, әндерін барша жұрт шырқаған композитор, қазақ тілінің қамы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп күрескен қайраткер Мұхтар Шахановпен кездесіп отырмыз. Мұхитқа құятын өзен секілді табиғат сыйға берген бар талантын, азаматтық асыл қасиетін жоғары бағалап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында «Бұл кісі өте адал, шыншыл, ұлтжанды адам. Мен Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек ері атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым» деп жоғары баға берді. Бұдан артық қандай баға беруге болады. Жыр сүйген, сөз қадірлеген Атырау жұртшылығының атынан биігіңізбен сүйсіндіріп, тереңдігіңізбен ойландырып, ортамызда әрдәйім аман жүруіңізге тілекшімін», - деді Серік Шәпкенов.

Өз кезегінде қазақ поэзиясының танымал өкілі, ақын Мұхтар Шаханов жібекке тізген лағыл моншақтай ақ батысын беріп, Атырау жұртшылығына алғыс білдірді.

Жыр кешінде ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, өлеңдері оқылды.