05 нау, 2020 сағат 16:23

Атырауда мемқызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі

Биыл Атырау облысында мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Пилоттық жобаны факторлы балдық шкала негізінде жүзеге асыру көзделіп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы бүгін облыстық кадр саясаты комиссиясының кеңейтілген отырысында белгілі болды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімовтің айтуынша, бұған дейін департаментте еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіліп, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі есеге өскен. Енді пилоттық жоба әкімдіктерге енгізілгелі отыр.

«Біріншіден, жалақы мөлшері – бірнеше критерийге тәуелді. Еңбек өтілі өзгеше есептеледі. Функционалды іріктеу, топқа бөлу жүргізіледі. Бұрын еңбек өтілі көп қызметкер жұмыстың нәтижесіне қарамастан жоғары жалақы алған болса, енді оған қызметінің тиімділігіне байланысты еңбекақы төленеді. Қазір 1 500-ден астам штат саны мен олардың жалақысы бекітілуде.

Екіншіден, жыл өткен соң әр мемлекеттік қызметшінің жұмысы бағаланып, соның нәтижесімен бонус мөлшері белгіленеді» - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімов.