14 қыр, 2023 сағат 15:53

Атырауда қылмыстық топ 100 млн теңгенің электр кабелін ұрлаған

Фото: Polisia.kz

Атырауда ұйымдасып ұрлық жасағандар құрықталды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

8 қыркүйекте Атырау облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде Жылыой ауданының аумағында бағанаға ілінген электр кабельдерін жасырын жымқырып жүрген 26 жастағы екі азаматты, сондай-ақ 25 және 24 жастағы аудан тұрғындарын анықтаған.

24 жастағы күдіктінің Газель автокөлігін тінту кезінде 7-8 қыркүйек аралығында жымқырылған шамамен 4 шақырым жоғары вольтты электр желісінің кабелі тәркіленген.

Күдіктілер жасаған әрекеттерін мойындаған және ұрланған кабельді Ақтөбе қаласында орналасқан темір металл қабылдау орталығына тапсырғандарын көрсеткен.


Қазіргі уақытта оларға қатысты 16 эпизодты қылмыстық іс басталып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

"Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі" - делінген хабарламада.