08 қар, 2019 сағат 11:44

Атырауда халықты ашаршылықтан құтқарған құмаршық дақылына ескерткіш қойылды

Атырау қаласының сәулеті «Құмаршық дәні» мүсіндік-сәулет композициясымен толықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ескерткіштің ашылу салтанатына өңірге белгілі өнер және қоғам қайраткерлері қатысты.

1929-33 жылдары ашаршылықтан көптеген адам көз жұмғаны белгілі. Сол зұлматты Атырау өңірі де көрді. Сонау бір шақта Атырау өңірі, Нарын құмын жағалай қоныстанған халықты аштықтан аман алып қалған азықтардың бірі қасиетті өсімдік Құмаршық еді. Ол дақыл жөнінде аға ұрпақ болмаса, кейінгі ұрпақ біле бермейді.

«Құмаршық дәні» композициясы – ұлт тарихына қойылған ескерткіш. Бүгінгі және жас ұрпақ тарихын ұмытпасын деген оймен қолға алған ісіміздің бірі. 2016 жылы бұл жобаны біз облыс әкіміне ұсынып, ескерткіш орнатуға ықпал етуін сұрағанымызда, бірауыздан ұсынысымызды мақұлдап, қолдау көрсетті. Бұл ескерткіш бүгінгі ұрпақтың аға буын алдындағы парызы, жас ұрпаққа аманаты. Бұл ұсынысты зерделеп, тарихқа тағзым деп, халықты аштықтан сақтап қалған, дүниеге ұлттың танымал талантты тұлғаларына өмір сыйлаған өсімдікке ескерткіш қоюды қолдаған жергілікті атқарушы билікке алғысым шексіз»- деді жоба авторының бірі Тұрсын Калимова.

Айта кетерлігі, мүсін ақын Фариза Оңғарсынқызының ескерткішінің маңында тұр. Қола мен граниттен жасалған композиция шартты үш элементтен тұрады. Ол - рельефті қабырға, орталық элемент және тұғыр. Рельефті қабырғаның алды мен артқы бөлігінде сол құмаршық туралы жыр жолдары мен сол кездегі зұлмат бедерленген: кәмпескеленген мал, ашыққан жұрт, талғажау болған құмаршықты жинап, тамақ еткен адамдар.

Граниттен жасалған тұғыр құмаршық өсетін Нарын құмдарының еспе шағылдарын білдіреді. Орталық элемент - рельефті жарып шыққан құмаршық және қол ұстасқан ұл мен қыз бала. Ескерткіштің жалпы биіктігі 4,2 метр.

 

Айта кетейік туынды авторлары - Қазақстан журналистер одағының мүшесі, қоғам белсендісі Тұрсын Калимова, мүсінші Ринат Әбенов, қола құюшы Аманжол Мүкенов, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, сәулетші Асылбек Мұхамеджанов. Орындаған ҚР тас қалаушысы Роман Титушин.

Ескерткішке облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан гүлшоқтары қойылып, қала әкімінің міндетін атқарушы Ұлықбек Тнәлиев жоба авторларына қала әкімдігі атынан алғыс хаттар табыстады.