Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырауда Қазақстан Республикасының халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, айтулы ақын Хамит Ерғалиевке ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Салтанатты шараны ашқан Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев ескерткіштің орналасқан жерінің өзі «Жайықтың жағасы – ерекше екенін атап өтті.
«Хамит ағамыздың өзі жырлап өткен Ақ Жайықтың бойында, өзенге көз тастаған зәулім ескерткіші бой көтерді. Соңғы күніне дейін өзінің елін, жерін жырлап, жазып, тасқа таңба басқандай етіп кетті. Бір сөзбен айтқанда, өз еліне бір адамдай еңбек етті. Міне, мына алаңға алдағы уақытта жиналатын атыраулықтар мен қала қонақтары, осы ескерткішке көз тастап, Хамит ағамыздың өлеңдерімен танысып, өз бойларындағы ұлтқа, елге, жерге деген сезімдерін нығайтады деген сенімдемін», - деді Нұрлан Ноғаев.
Ескерткіш авторы – мүсінші Нұрғалым Исабаевтың айтуынша, биіктігі жеті метр болатын мүсін қоладан құйылған. Ақынның бар болмысын беру үшін, шебер бір жыл бойы тынымсыз еңбек еткен.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Хамит Ерғалиевтің ұл-қызы – Мұрат Ерғалиев пен Гүлжан Ерғалиева, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов және Атырау облысының қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Арқалы ақын Хамит Ерғалиев 1916 жылы Исатай ауданының Новобогат ауылында туған. Қазір, бұл ауыл ақынның атымен аталады.
1940 жылдан әскер қатарында кавалерия бөлімінде эскадрон командирі болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Будапешт маңындағы ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, 1945 жылы елге қайтарылады.
ІІ деңгейлі ҰОС орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл ту орденімен, Құрмет белгісі мен Халықтар достығы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Алғашқы өлеңдері 1936 жылы басылды.
Отыздан астам кітаптың авторы – Хамит Ерғалиев – қазақ әдебиетінде өзіндік айқын ізін қалдырды. 1982 жылы «Алтын зерен» кітабы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық табысталса, 1986 жылы – Қазақстанның халық жазушысы құрметті атағы берілді.