27 нау, 2020 сағат 09:37

Атырауда карантиндік бақылауда 37 адам жатыр

Атырау облысында 37 адам карантиндік бақылауда жатыр. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, провизорлық стационарда 30 адам жатыр. Ал, №2 облыстық аурухананың инфекциялық бөлімінде 3 адам дәрігерлердің бақылауына алынды. Сондай-ақ, Құрманғазы ауданында – 2, Махамбет ауданында – 1, Жылыой аудандық ауруханасында 1 адам бар. 

«Стационарда жатқан адамдар өздерін жақсы сезінеді. Олардан алынған сараптама қорытындысы теріс нәтиже көрсетті. Соған қарамастан, олар әлі де бірнеше күн дәрігерлердің бақылауында болады», - деді Гүлнафис Таңбаева.