11 шіл, 2022 сағат 20:58

Атырауда екі күнде «Гаухартас» тұрғын үй кешенінен үш рет өрт шықты


Атырау қаласындағы «Гаухартас» тұрғын үй кешенінен екі күнде үш рет өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Атырау қаласындағы «Сарықамыс» шағын ауданында орналасқан «Гаухартас» тұрғын үй кешенінде екі күнде үш рет өрт шыққан.

Кеше, 10 шілдеде сағат 23:00 шамасында «Гаухартас» тұрғын үй кешеніндегі пәтердің бірінде электр желісінің қысқаша тұйықталуынан кір жуатын машинка өртенген. Жалынды тұрғындардың өздері сөндіріп алған. 

Ал, бүгін, 11 шілдеде сағат 9:54-те аталған тұрғын үй кешеніндегі №3 үйдің пәтерінен түтін шығып жатқаны жөнінде хабар түскен. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары анықтағандай, өрттің тұтануына тағы да электр желісінің қысқаша тұйықталуы себеп болған. Өрттің салдарынан тұрмыстық заттар жанып кеткен. 

Бүгін, түсқайта сағат 14:52-де «Гаухартас» тұрғын кешенінде тағы бір өрт тіркелді. Жалын осындағы №3 үйдегі пәтердің 1 200 шаршы метрлік екінші қабаты мен шатырын шарпыған. 

«Департаменттің өрт сөндірушілер жалынды сағат 16:25-те оқшаулады. Өрт сағат 16:51-де толық сөндірілді. Тұрғын үй кешеніндегі өрт сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 40 қызметкері мен 10 арнайы техникасы, полиция департаментінен 20 қызметкер мен 9 техника, «АМӨЗ», «Семсер-Өрт сөндіруші», «Ақберен» ЖШС-нен 8 қызметкер мен 3 техника, сондай-ақ, Солтүстік Каспий экологиялық әрекет ету базасынан 4 қызметкер мен 1 техника тартылды», -деп мәлім етті депратаменттің қоғаммен байланыс тобынан. 

Екі күн қатарынан тұтанған үш өрттен зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің өзге де себебі анықталып жатыр.