Атырау облысында деструктивті діни ағым өкілінен тапанша мен ел аумағында тыйым салынған кітаптар тәркіленді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті мен Атырау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын өткізу барысында 29 жастағы деструктивті діни ағым өкілін анықтап, тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізу кезінде 9 мм МР-79 калибрлі травматикалық тапаншасы, 14 патрон, Қазақстан аумағында таратуға тыйым салынған мағлұматтар бар бес флеш карта мен 17 діни кітап тәркіленді.
Күдікті ҚПК-нің 128-бабының негізінде уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Аталған дерек бойынша Атырау қаласының №2 Полиция бөлімі ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігі бойынша соталды тергеп-тексеру бастады. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жарияланбайды", - делінген хабарламада.