25 нау, 2022 сағат 14:20

Атырауда дау туғызған Абай ескерткішіне қанша ақша төленгені айтылды


Атырау облысының әкімдігі облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты қылмыстық істе айтылған Абай Құнанбаевтың ескерткішіне қанша ақша төленгені туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген құрылысқа 72,5 миллион теңге төленгенін айтты.

"2021 жылғы 3 қарашада жеткізушімен құны 145 миллион теңге болатын Абай Құнанбаевтың ескерткішін орнатуға келісім жасалған. 2021 жылы бөлінген сома 72,5 миллион теңге", - деді әкім орынбасары.

Оның айтуынша, нысан қазіргі уақытта пайдалануға берілген жоқ.

"Құқық қорғау органдары осы жоба бойынша тергеу жұмыстарын бастағанына байланысты қалған соманы аудару мүмкін емес", - деп қосты ол.

Емберген сот шешімі шыққанға дейін келісімшартты қайта қарау мүмкін емес, себебі бұл Қазақстан заңнамасының талаптарына қайшы келетінін атап өтті.

Еске салайық, 30 желтоқсанда Атыраудағы Абай атындағы орталық маңында Абай ескерткіші ашылған болатын.

Дәл осы ескерткіш Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты қылмыстық істе көрсетілген. Ол 10 желтоқсанда ұсталды. Хаменова мен Мәдениет басқармасының басшысы Рысқалиев 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген болатын. Егер әкім орынбасарының кінәсі дәлелденсе, ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.