Фото: © Sputnik / Абзал Калиев
Атырауда бес мектептің оқушылары төртінші тоқсандағы сабақты онлайн оқуы мүмкін. Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Балмұханов №13, 31, 19, 22 және 27-мектептерде күрделі жөндеу жұмыстарын бастау үшін осындай шешім қабылданғанын айтты, деп хабарлады Хабар 24.
"Аталған мектептердің оқушылары оқу жылының аяғына дейін сабақты қашықтан оқуға ауыстырылды. Себебі наурыздың соңында бес мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Қазір мердігер мекемелермен шарттар жасалып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның мерзімі 3,5 айдан 6,5 айға дейін созылуы мүмкін", - делінген ата-аналарға таратқан хабарламада.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Сәдуақасованың айтуынша, жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеу жұмысы аяқталмай қалады деген қауіп бар. Соған байланысты қазір келісіссөздер жүріп жатыр.
"Мердігерлер оқушыларды онлайн оқыту туралы ұсыныс білдірген. Бірақ әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Ол мектептерді онлайнға жіберу үшін министрліктің рұқсатын алуымыз керек", - деп түсіндірді басқарма басшысы.