Атырауда балықшылар 100 келілік бекірені ауға түсірді, деп хабарлады "Хабар 24".
Телеарнаның хабарлауынша, Атырау бекіре шабақтарын өсіру зауыты үшін көктемгі балық аулау маусымы сәтті басталды.
"Балық зауытының тапсырысымен жұмыс істейтін өндірістік кооператив балықшылары салмағы 100 келі, ұзындығы 2 метр болатын алып бекіре ұстады. Бұл бағалы балық бекіренің қорытпа деген түрі. Зауыттар енді бұл су жәндігінің ұрығын алып, арнайы зертханада көбейтуді көздеп отыр. Соңғы 15 жылдан бері тұқымы сиреп кеткен бекіре тектес балықтарды аулауға мүлде тыйым салынған", - деп хабарлады тілші.
Айта кетейік, қазір тек ғылыми-селекциялық бағытта аз көлемде ғана аулауға рұқсат етіледі. Бағалы балық қорын толықтыруға атсалысып жатқан Атыраудағы екі зауыт жыл сайын 7 миллион дана бекіре шабағын өсіріп, Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне жібереді.