24 қар, 2022 сағат 18:45

Атырауда аурухана медбикелері митингке шықты

Фото: azh.kz

Атырауда жұқпалы аурулар ауруханасының 40-қа жуық санитары үш айдан бері төлем ала алмай жүр. Осы себепті олар аурухана ғимаратының алдына жиналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Жұмысшылардың айтуынша, соңғы үш айда оларға сақтандыру және "зейнетақы" аударылмаған, соның кесірінен олардың көпшілігі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмай қалған.

"Менің бір қызым бар - 1 топтағы мүгедек. "Отбасы банкте" баспана кезегінде тұрмын. Жақында "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша конкурс болып, зейнетақы жарналары түспегендіктен өтпей қалдым. Ал біздің жалақымыз небәрі 100 мың", – дейді №2 облыстық аурухана қызметкері Айжан Сағындықова.

Сурет: azh.kz

Аурухана басшылығы төлемдердің кешігуі болғанын мойындап отыр. Өйткені мекеменің белгілі бір компанияға 90 миллион теңге қарызы бар.

"Бізде қаржылық қиындықтар бар екенін барлық қызметкер біледі. Бізге түсетін қаражат тек жалақыға ғана жетеді, өкінішке қарай, зейнетақы мен басқа да төлемдерге жоқ", - деді № 2 облыстық аурухана директорының м.а. Надя Ерғалиева жиыннан кейін өткен кеңесте айтты.

Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Әбдалиев арнайы комиссия құрылып, есеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен Надя Ерғалиева бұл мәселе жыл аяғына дейін шешіледі деп уәде берді.